Қарағандының Сәкен театры Кереку жерінде
Кеше, 25 қыркүйек күні Павлодар қаласында Қарағанды облыстық қазақ драма театрының гастрольдік сапары басталды.
Алдымен қаладағы мектептердің жоғарғы сынып оқушыларына арналып, «Қаздауысты Қазыбек би» тарихи драмасы ұсынылды. Жас ұрпақ күллі қазаққа ортақ тұлға –Қазыбек бидің ел бірлігі мен ынтымағы жолындағы өнегелі істеріне қанықса, ал кішкентай көрермендерге «От құйрықты әтеш» қойылымы қатты ұнағаны соншалық, олар қарағандылық артистерді сахнадан жібермей, ұзақ қол шапалақтап тұрды.
Күн дүйсенбінің кеші болса да, Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка театрының залы көрерменге толып, кешкі қойылым аншлагпен өтті. «Қаздауысты Қазыбек би» тарихи драмасын тамашалауға жиналған көрермендер алдына шыққан Қарағанды облыстық қазақ драма театрының басшысы С. Бекболатов пен Павлодар облыстық қазақ музыка театрының басшысы М. Байжұманов Сарыарқа төсіндегі екі қаланың мәдени-рухани байланыстары нығайып келе жатқанын атап өтті.
Биыл күзде өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Қарағандының Сәкен театры өткен аптада ғана 86-шы маусымын ҚР еңбек сіңірген артисі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты К. Жұмабековтің осы «Қаздауысты Қазыбек би» драмасымен ашқан болатын.
-Қалың көрермен ыстық ықыласпен қабылдаған премьералық қойылымның бірден Кереку көрермендеріне жол тартуы - табиғи заңдылық - рухани жаңғыру, тарихи сананы ояту тұрғысындағы бұл туындыны еліміздің көптеген қалаларында сахналайтын боламыз. Алғашқы болып өз талғам-таразыларыңызға салып отырмыз. Биыл 350 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Қаздауысты Қазыбек бидей айтулы тұлғаның қара қылды қақ жарған әділдігі мен көрегендігі, шешендігі арқау болған спектакльді сахнаға шығарған шығармашылық топ та мықты. Қоюшы- режиссер Ш. Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қ. Қасымов, қоюшы-суретші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е. Тұяқов, ал пьеса авторы, театрымыздағы өнер тарланы К. Жұмабеков осында өз араларыңызда отыр, - деп атап өтті театрдың басшысы және көркемдік жетекшісі С. Бекболатов.
Кереку көрермені «Қаздауысты Қазыбек би» тарихи-драмасын жылы қабылдап, қойылымның жоғары көркемдік дәрежеде сахналанғанын айрықша атап, рия көңілден риза болып тарқасты. Театрдың келесі қойылымдарынан да кеш қалмаймыз дейді керекулік өнер жанкүйерлері.
Қарағанды театрының Павлодар облысындағы гастрольдік күндері қыркүйектің 30-на дейін жалғасатын болады. Кереку көрермендерінің назарына «Қаздауысты Қазыбек би»драмасымен қатар М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының желісі бойынша жазылған К.Жұмабековтың «Абай мен Әбіш» драмасы және Д.Жүнісованың «От құйрықты әтеш» ертегі- спектаклі ұсынылатын болады.

