...
Қазақтың көрнекті жазушы-драматургы Рақымжан Отарбаевтың өмірден өткеніне қатты қайғырып, марқұмның отбасы мен «Ақжайық.кз» журналының редакциясына, Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театрының ұжымына қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз.
Қатты құрметтеп, сыйлайтын қаламгердің «Фариза мен Мұқағали» атты лирикалық драмасын Қарағандының Сәкен театры режиссер Н. Жұманиязовтың қоюында күні кеше ғана сахналаған болатын. Ақпанның 14-15-ші жұлдыздарында екі күн қатарынан өткен премьерада аншлаг болып, залда ине шаншар орын қалмай барша көрермен лирикалық музыкалы драманы өте ыстық ықыласпен қабылдап еді. Ұлтымыздың ұлы ақындарының талайлы тағдыры, Мұқағали мен Фаризаның бірін-бірі түсінген, рухани жақындыққа толы, өзара сыйластық қарым-қатынастары арқау болған соны шығарманы Сәкен театрының жас актерлері мен актрисалары шынайы шығара білді. Сахнадан пьеса авторы Р. Отарбаевқа деген құрмет пен ілтипат есіп тұрды, осылайша қадірлі Рекеңнің қаламынан туған пьеса ол кісінің көзі тірісінде соңғы рет Қарағанды театрының сахнасында қалың көрерменді ризашылыққа бөлеген еді.
-Премьеараға келіңіз деп арнайы шақырып, телефон шалғанымда, келер-ақ едім, аздап сырқаттанып қалдым деген болатын. Бұл сырқаттың алып кетуге келген ажал екенін қайдан білейік. Сондай бір абзал азамат, жақсы көріп, сыйлайтын қарымды қаламгер замандасымыздан айрылып қалғанымызға жүрегім жылап тұр. «Фариза мен Мұқағали» драмасы біздің театр сахнасына дайындала бастағаннан-ақ тығыз шығармашылық байланыста болдық. Рекеңнің биік парасат иесі, терең ақылдың кені екенін жанымызбен ұғып едік, амал қайсы!.Бақұд бол, ардақты жан!- дейді өзегі өртенген Қарағанды облыстық Сәкен театрының директоры Сансызбай Бекболатов.
«Өмірден өтті» деп естісек те, өлімге қимас көңілмен баршаңызға көңіл айта отырып, Рақымжан ағамыздың жаны жаннатта болсын, нұры пейіште шалқысын деп тілейміз!
Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының ұжымы.
