Жұмабеков Кеңес Нарымбайұлы

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Жұмабеков Кеңес Нарымбайұлы 1948 жылы 29 қарашада Орал облысы, Чапаев ауданы, Майшұңқыр ауылында дүниеге келген. 1966-1968 жылдары  Қазақтың Мемлекеттік Академиялық Еңбек Қызыл Ту орденді М.Әуезов атындағы драма театрының жанындағы екі жылдық театр студиясын театр артисі мамандықтары бойынша бітірді. 1985 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін филология факультетін (қазақ тілі мен әдебиеті) тәмамдаған. Сәкен театрында 1968 жылдан бері үзбей актер болып қызмет етіп келеді. 1983 жылдан театрда директор қызметіне тағайындалып, 1986 жылы актерлық өнерге оралды. Театр өнеріне деген жанашырлығы Кеңес Жұмабековты 2004-2012 ж.ж. театрдың директоры қызметіне  алып келді. Мықты басшы, қабілетті ұйымдастырушы, тәлімгер аға ретінде соңынан ерген жас актерлар мен әріптестеріне үнемі үлгі-өнеге танытып келеді. Осы жылдар ішінде 120 дан астам рольдерді сомдады. Көне грек, әлем, орыс, қазақ классиктерінің драматургиялық шығармаларында күрделі образдар галереясын жасап, көрермендер мен сыншылардан жоғары баға алды.

Атап айтқанда, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» - Қозы, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» - Көбей, Жапал, «Абай» - Оразбай, «Айман-Шолпан» - Өзбек, Ш.Уәлихановтың «Ағнұр»- Қылышбай, С.Жүнісов «Жаралы гүлдер» - Бақыт, «Өліара» - В.И.Ленин, Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағаш» - Ерғали, У.Шекспирдің «Юлии Цезарь» - Антони, «Макбет» - Малькольм, «Король Лир»- Король Лир, А.Островскийдің «Найзағай» - Борис, Н.Гогольдің «Ревизор» - Бобчинский, Д.Исабековтың «Әпке» - Тимур, Б.Мұқайдың «Дүние кезек» - Раимов,  Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» - доктор, Ж.Ерғалиевтің «Жетім тағдыр» - Шахан, Қорқыт (реж. Д.Еспаев) «Келеміз.Кетеміз. Өлеміз. Өтеміз...» - Қорқыт бейнелері.

Белгілі өнер саңлағы 1986 жылы С.Жүнісовтың “Өліара” қойылымындағы бас кейіпкер В.И.Лениннің бейнесін сомдағаны үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына, театр өнерінің көсегесінің көгеріп, мәртебесінің өсу жолында еткен еңбегі ескеріліп 1996 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағына ие болды. Сахна төрінде естен кетпес, көрермен көңілінде қаларлықтай тамаша бейнелер сомдады. Театр жастарына үнемі ақыл-кеңес беріп, үлгі-өнеге танытып отырады. Оның сомдаған кейіпкерлері шоқтығы биік, ойы толысты, алымы ширақ, қарымы терең образдар ретінде театрдың тарихында алтын әріппен жазылып қалды.

Кеңес Нарымбайұлы қалам тербеген қабілетті драматург. Оның қаламынын туындаған бірнеше шығармасы республикамыздың көптеген театрларында қойылды. Атап айтқанда “Қаздауысты Қазыбек”, “Замана неткен тар едің”, “Ата парызы” және    Ә.Оразбековпен бірлесіп жазған “Тәттімбет” шығармалары. Осы қойылымдармен республикалық театр фестивалдеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Жұмабеков Кеңес Қарағанды қаласында 1999 жылдан өткізіліп келе жатқан «Театр балалар әлемінде» атты балаларға арналған аймақтық театрлар фестивалінің ұйымдастырушысы, авторы. Аталмыш фестиваль театр өнерінің өркендеуіне мол үлесін қосып келе жатыр. Және ерекше айта кетерлік жайт –  фестиваль барысында мектеп жасындағы балалар әділқазы алқасы болып, өз шешімдерін жасайды. Бұл күндері қала және облыстың балабақшаларының сәбилері мен мектеп оқушылары әр жанрдағы ертегілерді тегін тамашалап, ойларын ортаға салып, талқылайды. Яғни, фестиваль арқылы театр ұжымдары бүлдіршіндеріміздің талап-талғамын біліп, сұраныстарына жауап беруге мүмкіндік алады.

2010 жылы Кеңес Нарымбайұлы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының жанынан қуыршақ театрын ашып, сәбилеріміздің ұлттық шығарманы көріп, біліп өсулеріне мүмкіндік жасады. Бұл оқиғаны ерекше атап өткен жөн. Себебі, қала мәртебесіне ие болғанына 80 жыл толатын Қарағанды іспетті ірі орталықта қазақ қуыршақ театры болған емес. Осы мәселені ұлт өнері мен тілінің жанашыры Кеңес Нарымбайұлы қолға алып, шешімін тапты. Қазіргі уақытта қуыршақ театры кішкентай бүлдіршіндерімізді ұлттық шығармалар желісімен қойылған ертегілермен сусындатып келеді.

Еңбегі еленіп, 2008 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен, 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, 2012 жылы «Мамандығына адалдығы үшін» номинациясы бойынша   Қарағанды облысының әкімінің сыйлығымен, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Еңлікгүл» сыйлығымен және бірнеше рет Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қарағанды облысы әкімінің, мәдениет басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2014 жыл қарашада Тараз қаласында өткен «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты актер өнеріне арналған I Халықаралық театрлар фестиваліне У.Шекспирдің «Король Лир» қойылымымен қатысып, «Актер өнеріне қосқан үлесі» номинациясымен Король Лир ролін шебер орындағаны үшін марапатталды.

С.Жүнісов Өліара Ленин ролі

У.Шекспир Король Лир Лир ролі

У.Шекспир Юлий Цезарь Антони ролі

Ғ.Мүсірепов Қозы Көрпеш-Баян сұлу Жантық ролі